Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Сайттың бұрынғы нұсқасына өту
Сенім
телефондары
+7 (775) 511-07-41 +7 7172 22 13 23

Азаматтық бастамаларды қолдау және дамыту мәселелері туралы

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Азаматтық бастамаларды қолдау және дамыту мәселелері туралы» тақырыбында брифинг өтті. Брифингке Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқармасының төрайымы Лима Диас қатысты.

Спикерлер мемлекет пен үкіметтік емес сектор арасындағы диалогты жетілдіру шаралары, волонтерлік және қайырымдылық қызметті дамыту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және гранттық қаржыландыру мәселелері бойынша заңнамаға әзірленетін түзетулер туралы баяндады.

Болат Тлепов өз сөзінде министрлік тарапынан мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. «Өркениетті елдерде халықтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани және саяси-құқықтық жағдайын жақсарту ісі – тек мемлекеттің міндеті емес. Бұл тұтас азаматтық қоғамның да басты мақсаты әрі нақты мүддесі. Мәселе тек – оның бұл іске араласуына қажет мүмкіндіктерді жасауда. Сондықтан да, Президент алғаш күннен-ақ азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырып, ісіне тарту үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастыру міндеттерін алға қойды», – деп атап өтті вице-министр. Сонымен бірге, оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде үкіметтік емес ұйымдар саны 100-ден 22 мыңға дейін артты және олар әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуде дәл қазір-ақ мемлекетке сенімді серіктес болуға даяр. Орталық Азиядағы мұндай ұйымдар ең көп тіркелген ел – Қазақстан.

Б.Тлепов 2021 жылдың басынан қоғамдық кеңестер туралы қолданыстағы заңнамаға түзетулер күшіне енгенін еске салды. «Ендігі жерде қоғамдық кеңестердің 70%-нан кем емес құрамы, байқау арқылы сайланатын, үкіметтік емес ұйым өкілдерінен тұратын болады», – деді вице-министр. Сонымен бірге, Болат Тлепов Мемлекет басшысына жыл сайынғы негізде қабылданған түзетулерді ескере отырып, қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама енгізілетіндігін атап өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Волонтер жылы аясында және басқа да жүйелі шаралардың арқасында еліміздің барлық өңірлерінде волонтерлік ұйымдардың да, волонтерлердің де өсу қарқыны байқалатынын атап өтті. «Еріктілер қызметін қолдаудың мемлекеттік саясаты белсенді дамып келеді. Осы мақсаттар үшін заңнаманы жетілдіру үшін Министрлік қарамағында жұмыс тобы құрылды, оның құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары кірді», – деді Вера Ким.

Сонымен бірге, брифинг барысында Министрлік қоғам өкілдерімен бірлесіп волонтерлік және қайырымдылық қызметті одан әрі дамыту үшін қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулер әзірлегені атап өтілді. Өз сөзінде Болат Тлепов волонтерлік ұйымдардың саны 3 есеге, ал тұрақты волонтерлер 4 есеге өскенін айтты. Мәселен, бүгінде Қазақстанда 600 волонтерлік ұйым жұмыс істейді, оларға 200 мың белсенді азамат тартылған. Вера Ким өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде еріктілер ұйымдарынан келіп түскен сындарлы ұсыныстардың тиісті заңнамалық актілерде көрініс табуы үшін жұмыс істейтініне сендірді.

Лима Диас «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» бастамалары туралы баяндап берді. Ол ҮЕҰ-ға өңірлік гранттар бөлу үшін жергілікті атқарушы органдарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Бұл бастама жергілікті ҮЕҰ-ны өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге тартуға мүмкіндік береді, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуда ауылдық ҮЕҰ-ның рөлі мен әлеуетін арттырады деп болжануда.

Сондай-ақ, спикерлер ҮЕҰ-ны қолдаудың мемлекеттік тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық қаржыландыруға қатысты. Осылайша, олар гранттық тетіктің ашықтығы, тақырыптарды қалыптастыру рәсімін қайта қарау, градуирленген гранттар жүйесін енгізу және олардың тиімділігін бағалау бөлігінде жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жетілдіру бойынша да осындай жұмыстар жүргізілуде.