Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Сайттың бұрынғы нұсқасына өту

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ және «Шеберлер елі» мүгедектер қоғамдық бірлестігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бүгін, 2020 жылы 18 тамызда, Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік емес гранттық қаржыландыру кеңсесінің бастамасымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мен «Шеберлер елі» мүгедектер қоғамдық бірлестігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Тараптар атынан меморандумға «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрайымы Бәтима Мукина мен «Шеберлер елі» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Эмин Аскеров қол қойды.

Меморандум маңызды әлеуметтік мәселелер мен әлеуметтік кәсіпкерлік идеяларын ілгерілету саласында жұмыс істейтін ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға және достық байланысты дамытуға белсенді қатысуды көздейді.

Тараптар өзара негізде Қазақстан Республикасында әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін ұйымдар мен мекемелер арасындағы достық және әріптестік қатынастарды дамытуға ықпал ететін болады. Мақсаты -коммерциялық емес ұйымдарға өз идеяларын іске асыруға көмектесу арқылы әлеуметтік өзгерістерді ынталандыру. Атап айтқанда, кәсіби тренингтер, сөз сөйлеу, кездесулер, пікір алмасулар және ынтымақтастықтың басқа да нысандарын ұйымдастыру арқылы әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін құру.

Тараптар өзара қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша мамандар мен ақпарат алмасуды қоса алғанда, әріптестік ұйымдар арасындағы тікелей байланысты дамытуға жәрдемдесетін болады.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ және «Шеберлер елі» қайырымдылық пен еріктілік идеяларын ілгерілету, ҮЕҰ мен азаматтық қоғам өкілдері арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті танымал ету бойынша бірлескен іс-шараларды іске асыру туралы келісті.

Меморандум аясында тараптар жекелеген шарттарға қол қою арқылы арнайы бағдарламаларды, кездесулерді, ынтымақтастықтың басқа да нысандарын әзірлеуге қолдау көрсетуге дайын.