Бүгін Нұр-Сұлтанда «Мемлекет, бизнес және ҮЕҰ: Тұрақты дамудың мүддесінде 30 жылдық бірлік пен серіктестік» атты әлеуметтік жобалар форумы өз жұмысын бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған бұл ірі онлайн-диалог алаңына қазақстандық және халықаралық беделді спикерлер: ҮЕҰ өкілдері, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен меценаттар тартылды.

Форумның бас серіктесі – Eurasian Resources Group (ERG). ҮЕҰ арасында өңірлік ақпараттық қолдауды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қамтамасыз етті.

Форумның мақсаты – түрлі бағыттағы ұйымдардың күш-жігерін біріктіріп, өзекті қоғамдық мәселелерді талқылау және мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ету.

Форумның бірінші күнінде Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, Мохаммед бен Рашид әл-Мактум Білім қорының басқарма төрағасы Джамаль Бин Хувайреб, ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, «АХҚО» басқарушысы Қайрат Келімбетов және басқа да спикерлер сөз сөйледі.

Форум сессиялары аясында қатысушылар экономика, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау және өзге де бағыттардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылы бойынша өзекті мәселелерді талқылауда. Ерекше назар ҮЕҰ жыл сайынғы әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінде ұсынылған жобаларға аударылды. Осындай жәрмеңкенің бірі ағымдағы жылдың 14–15 сәуірінде Алматы қаласында өтті.

Форумды аша отырып, Дариға Назарбаева:
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда дамып келе жатқан ҮЕҰ жүйесі қалыптасты. Оның дамуына қоғамды демократияландыру бағдарламасы зор серпін берді. Бұл бағдарлама Тұңғыш Президенттің 1998 жылғы халыққа Жолдауында айтылған болатын. Қазақстанның үшінші секторы тұрақты зерттеуді қажет етеді. ҮЕҰ қызметін жүйелеу, үздік тәжірибелерді жан-жақты насихаттау және қолдау қажет. Әлеуметтік жобалар форумы белсенді өзара іс-қимылға арналған тұрақты алаңға айналуы мүмкін. Форум – Нұрсұлтан Назарбаев Қорының 2008 жылдан бастап Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің жалғасы. Сол уақыттан бері жәрмеңкеге 15 000-нан астам ҮЕҰ қатысты. 303 жоба қордан грант түрінде қолдау алды», – деп атап өтті.

23 сәуірде форум аясында ел дамуының өзекті бағыттары бойынша пікірталастар жалғасады. Сонымен қатар, әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінің жеңімпаздары жарияланып, олар Нұрсұлтан Назарбаев Қорынан гранттарға ие болады.

Жарияланған күні: