Қоғам тұрақтылығы отбасы әл-ауқатына да байланысты. Алайда отбасы жағдайы да қоғамдық үдерістерге тәуелді. Біздің мемлекет отбасыға қатысты әлеуметтік мәселелерге айрықша көңіл бөледі. Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында Мемлекет басшысы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды. Біздің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы дәл осындай әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін гранттық қолдау көрсетеді. Мемлекет, ҮЕҰ және азаматтар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз», – деп жазды Facebook парақшасында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрайымы Батима Мукина.
Ол сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан жобалар нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге және қоғамға нақты пайда әкелуге тиіс екенін атап өтті.
«2020 жылдың 12-13 қыркүйегінде Қазақстанда алғаш рет жас отбасыларға арналған ауқымды онлайн-фестиваль өтеді. Оған еліміздің кез келген өңірінен 29 жасқа дейінгі жас отбасылар қатыса алады. Фестиваль ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында, «Қазақстандағы тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қорының «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар» жобасы шеңберінде өткізіледі», – деді Батима Мукина.
Фестиваль еліміздің 14 өңірі мен республикалық маңызы бар 3 қалада өтеді. Мақсаты – жастар арасында отбасы институты мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал ету.
«Кейбір отбасылар арнайы курстарға қатысуға немесе мамандарға жүгінуге мүмкіндік таба бермейді. Осы фестиваль аясында еліміздің алдыңғы қатарлы сарапшыларының қатысуымен қызықты семинарлар мен шеберлік сабақтары, эстрада әртістерінің онлайн өнер көрсетуі, байқаулар мен бағалы сыйлықтар ұйымдастырылады. Біз қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Егер бұл шара бірнеше отбасының жақындасуына себеп болса, бұл – үлкен жетістік!» – деп түйіндеді Батима Мукина.